Қазақстанда жыл басынан бері терезеден құлаған балалардың саны 223-ке жетті, өкінішке қарай, олардың 38-і қаза тапқан. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай оқыс оқиғалардың 4-і тіркелген, бақытымызға орай, адам өлімі болмаған. Бұл мәселеге назар аудару үшін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары брифинг ұйымдастырды. Шараға полиция қызметкерлері, қалалық әкімдік өкілдері және журналистер қатысты.

Төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бастығы Әсет Шайкиннің айтуынша, мұндай оқиғалар көбіне ата-аналардың жауапсыздығынан туындайды. «Балаларды жалғыз қалдырмау керек, жиһаздарды терезеден алшақ қою қажет. Қарапайым сақтық шаралары арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады», – дейді ол. Мамандар терезеге москит торын орнатпауды ұсынады, өйткені балалар оны қауіпсіз деп ойлап, құлап кетуі мүмкін. Сондай-ақ, терезелерге арнайы бекіткіштер орнату маңызды, бұл балалардың өз бетінше ашуына жол бермейді.
Полиция департаментінің инспекторы Айнагүл Сауытбекова: «Сәуір айынан бастап мектептерде ата-аналармен кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл мәселе бірігіп шешілуі тиіс. Мамандардың кеңестері құлаққа ілінбей қалмауы керек. Баласын қараусыз қалдырған ата-аналар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапқа тартылады», – деп ескертеді.
Төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері ақпараттандыру жұмыстарын жалғастырып, облыстың барлық мекемелерін қамтуды жоспарлап отыр. Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың міндеті. Сақтық шараларын сақтау арқылы мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Қоғам болып бірігіп, балаларымыздың өмірін қорғайық.