
«Уа, туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан жүзіп іштім сендегі,
Алтын арай таңғы жұпар самалдың».
Бұл – мектеп қабырғасында қазақ әдебиетін оқыған әрбір адамға таныс шумақ. Авторы ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаев.
Әбу Сәрсенбаевтың Есіл өзенінің мөлдір суынан сыр ұғып, жыр жазғаны бар. Мысалы, «Эшелондар, эшелондар» өлеңін алып қарайық:
«Тайынша маңы мазасыз бұл күн.
Арылмай әсте еш алаңдар.
Өтеді тынбай, жетеді дүркін
Эшелондар, эшелондар!» – деп басталған өлең Алматы, Қарағанды, Астана, Көкшетауды артқа тастап, өз Қызылжарына асығып келе жатқанда облыстың оңтүстік бөлігінде орналасқан Тайынша стансасына жетіп, пойыздың он-он бес минут тоқтаған мезетті пайдаланып, вагонынан атып шыққан жолаушының жүрек лүпілін дөп басқанына қайран қаласың. Пойызбен жиі жүргеннен болар, Тайынша маңындағы қауырт тірлікке назар аудара қоймаймыз.
«Кейде мұздан тігіп биік кереге,
Толқын жалын көтереді төбеге.
Шаншылады сол сәт көкке найзадай,
Сең үстінен қарғып түскен бөрене.
Есіл, Есіл, неге бүлік боласың?!
Жар жиекте жаңғырығын болат үн.
Бұлтқа шапшып шалқалаған толқыннан
Үйіріле ұшады ұсақ борасын», –
деп аяқталатын «Есіл беті борасын» өлеңі Қызылжардың көктемін көз алдыңа елестетеді. Түйдек-түйдек жазылған шумақтар Әбу Сәрсенбаевтың наурыз айының аяғында күндіз маужырап, түнде ызғарлы жел соғатын ақ қайыңдар өлкесінің ерекшелігін көрсете алатын қабілетін танытты десек, қателеспейміз.
«Айнадай тұнық түбінде мөлдір төсеулі жатыр жұлдызды аспан», «Шымырлап толқын көшеді сырғып, ойыңды ұзақ өріске сүйреп», «Толқындар баяу жырлайды сыр ғып даланың ғажап болашағын», «Ақ шолпан самал лебімен желпіп, оятты күліп көктемгі таңды», «Келеді жылжып көктемнің таңы, маужырап дала нұрына балқып», «Жалтылдаған жанарлардан көрінді даламыздың жайраңдаған ертеңі», «Өргізген қызғылт толқындар қырға, күн кірпік бейне жайқалған бидай» деген жолдар қырда тағдыры тоғысып, шаңырақ көтерген Елжас пен Ғалияның махаббатын жырлаған, бес бөлімнен тұратын «Есіл бойындағы көктем» туындысының сәтті шыққанын дәлелдейді десек, қателеспейміз. Иә, Есілді жағалай орналасқан Атығай-Қарауылдың өмір өткелін екінің бірі аңыз қылса да, ерке Есілдің жағасында сезім иірімдерінен сыр ұққан ғашықтар туралы толғанған қаламгерлер жоқтың қасы. Сондықтан болар, Ә.Сәрсенбаевтың осы өлең жолдары жанымды тебірентпей қоймады. Ал, енді «Аспазшы қыздың түсі» деген өлеңдегі:
«Ай жатты күміс сырғадай
Жылтылдап тұнық Есілде», –
деген жолдарын оқығанда талай мәрте «желсіз түнде сәулесі суда дірілдеген жарық айдың» нұрына шомылып, Есіл бойында қанша отырсам да, ойыма түсіре алмағаныма күйіндім. Облыстың оңтүстік-батысындағы Айыртау ауданы да ақынның қаламына арқау болды:
«Шашырап сәуле кірпігі,
Алтынға малып асқарды –
Күн күлді. Көктем күркірі
Шатырлап таңнан басталды,
Ақ қанжар бұлтқа сұғына, –
деп басталатын «Шұғыла…» өлеңін «жаздан жарқын нұр сыбаға ап келгендей өркешінен күн сығалап» шуақ шашатын Айыртаудың шұғыласын тіліне тиек еткені аздай, «Айыртау этюдтері» атты туындысына таңдай қақпай қоймайды екенсің. «Жасыл торғын аршаларды жамылып, айыр өркеш арасына тарихтан талай дерек арқалаған Айыртаудың көлінде аққудың өзі толқынына тербеліп, көркем тауына қатар тізіліп тұрған шыршалардың шашағына көктегі көп жұлдыз шырақ болып ілінгенін айтып, қазақстандықтарды Шоқан шомылған көл бетінен сыр ұғуға шақыра отырып:
«Күн қонды, толқын түрлене,
Көл бетін жапты жалқын бір.
Ақша бұлт қалды іргеде,
Қанатын бояп алтын нұр», –
деп өз көзімен көргенін сөзбен жеткізе білгеніне риза боласың. Ақ қайыңдар өлкесі – ерке Есілдің бойында күнде ой қуып жүргендіктен, мұндай табиғат сұлулығын аңғара бермейді екенбіз. Сырттан келген мейманның қашанда сыншыл болатыны осыдан-ақ байқалады.
«Ал қызыл барқыт оранып,
Күн айдынға түнеді…
Тоғайға бұл бір мол өлке,
Ақ қайың жардың шетінде…
Сүйреңдеме жел өсек,
Ар есептеп жаңылмас.
Жұбайлар шығар келешек,
Жұптары мәңгі жазылмас», –
деген жолдарды тізген 1956 жылы Қызылжар қаласында «Айдындағы көлеңке» өлеңінің мазмұнына қарасақ, Пестрое көлінің жағасында отырған қыз бен жігіттің көлеңкесін жырлап отырғанына күмәнім жоқ.
Әбу Сәрсенбаев теріскей өңірдің табиғатын жырлап қана қоймады. Қызылжар топырағында құндақталған Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмағали Саинға да жүрекжарды лебізін төге алған. Мысалы, «Вагондағы би» өлеңінде Арқаға бет алып, Нұра өзенінің мөлдір суына көз жүгіртіп, пойызбен тербеліп келе жатқанда жолаушы қыздың Ғабеңнің «Оянған өлкесін» оқып, көркем шығарманың оқырман жүрегінен жол тапқанына шын қуанғанын өлеңмен жеткізсе, «Көктемгі тасқын» өлеңінде Сәбеңнің «Есіл» романының аяқталмай жатқанына күйініп, жастарға қажет дүниенің жарық көруіне кедергі жасағанына інілік назын айта алмайтынын білгендіктен, жыр тілімен жазады. «Түнгі дүлей» өлеңінде Жұмағали досына туған өлкесінде долданып соққан боранын, ауылдастарының тыныс-тіршілігін жеткізіп, солтүстіктің саф таза ауасын ғана жұтпай, омбы қарын көріп, суреттей алғанын мақтанышпен жырлайды.
Әбу ақынның қан майданда жүріп жазған, үлкенді-кішілі қазақ оқырманы жақсы білетін, атақты «Ақша бұлт» атты өлеңіне кезінде классик жазушы Ғабит Мүсірепов жоғары баға бергенін кез келген әдебиеттанушының ғылыми еңбектерінен кездестіре аласыз.
Мен бұл деректерді өз ойымнан құрастырып отырған жоқпын. Бір кезде немере ағамның үйіне барғанымда шошаласына шығарып тастаған «керек емес» кітаптарының ішінен «Әбу Сәрсенбаев. 1» деген қызыл кітап көзіме оттай басылды. 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген бес томдық шығармалар жинағының бірінші томынан оқып, қызырлы Қызылжарыма қатысты айшықты шумақтарды оқып, шын қуанып қалдым. Кітаптың соңында келтірілген дәйектердің қатарынан «1958 жылы «Миллиард ізімен» деген атаумен оқырман назарына ұсынған топтамасының алғашқы бөлімі «Есіл бойындағы көктем» деп аталды» деген мәліметті де оқыдым.
«Шежірені жоғарыдан төменге қарай оқысаң, бөлінесің, төменнен жоғарыға қарай оқысаң, бірігесің» деп айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов айтқандай, айналып келгенде бәріміз – бір қазақпыз. Негізі, бұрын Отанды шексіз сүйген ақын-жазушылар Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақ даласының жаңа қырын тануға ұмтылатын еді. Оған Оралды жырлаған Қасым Аманжолов, Есілді жырлаған Әбу Сәрсенбаев дәлел болып тұр.
Есіл толқынымен сырласқан ақынның шығармашылығы мені осындай ойға жетеледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ