Өңір баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдық тарихында екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгер журналистердің есімдері де ерекше аталады. Бұл мақалада Мұхамедқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Рәшид Бәдірленов, Қаби Махметов, Иван Лукиндермен бірге қызмет еткен қаламы қарымды қаламгер, майдангер Есілбай Қазбеков туралы сөз қозғамақпыз.

Есілбай Қазбекұлы 1918 жылы Есіл ауданына қарасты Тауағаш ауылында туған. Молдадан сауат ашып, кейін Тілепте білімін жалғастырған. Соғысқа дейін техникум бітіріп, біраз жыл педагогика саласында қызмет етіп, мектеп директоры да болған. 1939 жылы Баян орта мектебіне ұстаздық қызметке жолдама алғанымен, 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп, Қиыр Шығысқа азаматтық міндетін атқаруға аттанады.


Өзінің 1983 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген, майдандағы өмірінен сыр шертетін «Барлаушы жазбалары» кітабына үңілсек, соғыстың алғашқы күндерінен бастап, неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте жауынгерлік жолын қатардағы барлаушыдан бастап, дербес барлау ротасының командиріне дейін өскенін аңғарамыз.
«1940 жылы біздің облыста қыс ерте түсті. Он бесінші октябрь күні жолға шыққанымызда, Солтүстік Қазақстан облысының кең байтақ даласы ақ мақтаға орап қойғандай еді. Біз алтаумыз – Сыздықтың Қайырбегі, Қаратайдың Кәкені, Сатының Нұғманы, Шоқанайдың Қайролласы, Мәмбеттің Қалиқаны және мен. Күн бата облыс орталығы Петропавл қаласына да жеттік. Петропавл станциясында бір-біріне тіркесе жалғасып, созыла түскен қызыл вагондарға жапырлап отырып жатырмыз. Вагон ортасына орнатылған дөңгелек темір пеш бықсиды. Екі жақта да екі қабатты тақтай нар. Үстіне жұқалап сабан төселіпті. Бір ауданнан шыққан алтауымыз қатарласа орналастық», – деп өзінің әскерге аттану жолын баяндаған Есілбай Қазбеков шығыстағы Зея өзені үстіндегі шағын қалада әскери міндетін атқарып жүргенде орта буынды командирлер даярлайтын оқуға жіберіледі.

КСРО-ның батысынан бір-ақ шығып, соғыстың алғашқы күнінен-ақ қанды сойқанға тап болады. Әуе десанты бөлімшесінде қанқасап майданның бел ортасында жүрді. Жаумен күресе жүріп, қатардағы жауынгерден капитан шеніне дейін өсті. Барлаушылар ротасының командирі болып жүргенінде кеудесіне «Әскери Қызыл Ту», «Ұлы Отан соғысы» және «Александр Невский» ордендері тағылды.
Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Батыс, Оңтүстік-Батыс, Брянск, Орталық, Беларус майдандарында болып, төрт рет жараланса да, қос балдақпен елге оралған майдангердің басқаруындағы барлаушылар қатарынан екі адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Алайда, белгісіз себеппен Есілбай Қазбековке бұл атақ бұйырмаған.


«Командир бұйрығы – Отан бұйрығы деп ұғамыз. Оның үстіне адамдық, ар, отандық намыс билеген біз, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға бел байлап келеміз», «Айналамыздағы орман түн көлеңкесіне оранып, көзге түртсе көрінбейтіндей қараңғыға айналды. Өте сақтықпен жүріп келеміз. Біраз жүрген соң орман селдіреп, бұтасыз ашық далаға шықтық. Әлден уақытта ай туып, бұлтсыз аспан айқындала түсті. Айдың жарығы айналаның бір бұтасыз ашықтығы біздің ілгері жүруімізді қиындатты. Біраз жүргеннен кейін алдымыздан шоқ ағаш кездесті. Оның жанында кішкене деревня бар екен. Жаудың қай жерде жасырынып тұрғаны белгісіз, ай болса жарық», «Өмір мен өлім арпалысып, дүние тағдыры таразының табағында тұрғандай еді ол күндері. Ұшқан оқтар айдаһардай ысқырып, аспаннан түскен бомбалар төбелерді төңкеріп, жер мен көкті астаң-кестең етіп жатты», – депті қаламгер «Барлаушы жазбаларында» кітабында. Өз басынан кешкен оқиғаны қаз-қалпында қағаз бетіне түсірген автордың жазбалары әркімге ой салады. Қиын күндердің кесапатын боямасыз жеткізген жазба иесінің өмір жолы күреске, арпалысқа толы болғанын жан-жүрегіңмен түсінесің.
«Жастық – өмірдің қуанышы, көңілдің қобызы ғой. Отқа күймейтіндей, суға батпайтындай, оқ өтпейтіндей көрінетінің де жастық уыттың әсері болар», – деп батыр қаламгер өзі жазғандай жастық шақтың жалынын Отанына деген махаббатымен маздатқанын жерлестері де мақтан тұтады.
«Ерім бар Есілбайдай батыр туған,
Ерегескен дұшпанды қанмен жуған.
Құрбан қып жас өмірін елім үшін,
Бір өзі дүйім жауға қарсы тұрған.
Ұрыста талқан етіп жау қамалын,
Қолмен – оқ, ауызбен – от шашты жалын.
Ерлігін Есілбайдың ел біледі,
Сан талай таң қалдырған жұрттың бәрі», – деп облыстың халық ақыны Темірғали Қасенов жерлес жауынгердің ерлігін мақтанышпен жырлаған.


1945-1948 жылдары облыстық газетте (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») жұмыс істеп жүргенде Есілбай Қазбеков Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. 1950 жылы «Жаңа өмір», бұрын «Қазақ елі» (көп ұзамай жабылып қалған) деп аталған газетке жұмысқа орналасады. 1952-1953 жылдары Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл музейінің директоры, кейін екі жылдай Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор болып қызмет істейді. Алайда жары Мәриямға Алматының ауа райы жақпаған соң, өзінің туып-өскен жеріне оралуды жөн көреді. «Ленин туы» газетінде бөлім меңгеруші болады. Кейін облыстың қысқарылуына байланысты газет жабылып, шаруашылық салаға ауысады. «Совхозстрой» тресінің 65-ші ПМК-на инспектор, артынан кадр бөлімінің бастығы болып, содан 1973 жылы зейнетке шығады.


– Майданнан екінші топтағы мүгедек болып оралған Есекең облыстық «Ленин туы» газетіне тілші болып орналасады. Айтуға оңай болғанмен журналист мамандығы өте күрделі әрі құрметті мамандық қой. Журналист болған адам өмірдің барлық саласын да ұғуға тиісті. Ол өнердің де, экономиканың да, саясаттың да, әлеуметтік жағдайдың да білгірі болуы керек. Журналистік мамандықты кез келген адам игере алмайды. Ес-ағамыздың осы бір мамандықты игеруіне қарағанда көкірек көзінің терең екені білінеді, – дейді жазушы-журналист Жақсыбай Самрат «Тауағаш деген ел едік» кітабында. 1975 жылы 18 ақпанда «Ленин туы» газетінде құрылысты механикаландыру басқармасында өзіне жүктелген тапсырманы екі есе орындайтын бульдозерші Евгений Зайцевтің туралы мақала жарық көрді. Оның суретін түсірген Есілбай Қазбеков екен. Бұдан майдангер атамыздың көркемсөз шебері ғана емес, екінің біріне бұйыра бермейтін фототілшілікті де шебер меңгергенін байқаймыз.


Есілбай Қазбеков атамыздың өлеңдерінен өз заманының жыршысы болғанын көреміз.
«Сиыр тас» тағы да бар жиегінде,
Жанымдай табиғатын сүйемін де.
Жер едің Ақан, Біржан мекендеген,
Кетер-ау махаббатың сүйегімде», – деп өрілетін «Бурабай» өлеңі 1966 жылы шипажайда жазылған. Шынында да өнерсүйер қауымның Ақан сері, Біржан салдың табаны тиген сұлу да сыр тұнған өлкеге ғашық болмауы мүмкін емес. Ал «Пернедегі сыр», «Ақиық» толғауларынан ана мен баланың сүйіспеншілігі жайлы айта келе оқырманын отансүйгіштікке тәрбиелейді. Ана мейіріміне бөленіп өскен бала өмірде жұмсақ, мейірімді, қамқор болатынын өлең жолдарымен жеткізген майдангер ақын әрқашан ұлттық құндылықтарға, бала тәрбиесіне назар аударған.


– Қазбек атамыздың бес баласы болған. Тұңғышы Қазыбай тылда еңбек етті. Одан кейін туған Қозыбай, Сембай, Есілбай, Кенжебайлар соғысқа аттанды. Қозыбай мен Есілбай мүгедек болып, Кенжебай мен Сембай жараланып елге оралды. Есілбай ағамыз – көкірегі ояу, көзі ашық, әулетіміздің бас көтерері еді. Соғыстан оралған соң жазушы-академик Сәбит Мұқанов Алматыға шақыртып алып, Жамбыл атындағы мұражайға жұмысқа орналасуына себепші болды. Астанада тұрғанда бауырларының балаларына қамқорлық танытып, білім алуына жағдай жасады. Тек қана ағайын-туыс, доспен шектеліп қалмай, таныстарына қол ұшын беріп, қолдауын аямады, – деді жақын туысқаны Жаслан Кенжебайұлы. Оның айтуынша, бажасы Ожан Қалиды да журналистикаға баулып, қаламы қарымды қаламгер болуына өз үлесін қосты. Ақындығынан бөлек, суретке түсіру мен аңшылық қабілеті де болған. Домбыра тартып, қоңыр даусымен ән айтып, жүрген жерін ойын-күлкіге айналдырған. Жаслан Кенжебайұлы Есілбай атамыз соғыстан оралған алғашқы жылдары Тауағаш пен Оседлое ауылдарының ортасында тұрған зиратқа Мұратбек атасының рухына Құран бағыштауға соққанын айтты. Бейт басындағы құлпытасты әлдебіреулер алып кеткенін арбаның ізінен аңғарған. Сол ізбен Оседлое ауылына барып, орыстардың тасты сындырып, қолдиірмен қылғанын көреді. Тастың жартысы қорадан табылған. Ол тасты орнына қойғызады. Сол белгі әлі күнге дейін тұр.


Бүгінде Есілбай атамыздың шаңырағына ұлы Алтай Қазбеков ие болып отыр. Әкесінің артында қалған мұрасына көздің қарашығындай қарап, шашау шығармауда. Отбасылық мұрағатта газеттің қиындылары, сарғайған қолжазбалар, сырға толы суреттер сақтаулы. Уақыт өткен сайын бағасы арта түсетін құнды жәдігерге толы шабаданда өлке тарихына қатысты тың деректер де бар.
«Әкем соғыстан мүгедек болып оралса да, он екі мүшесі сау адамдардан артық жұмыс істеді. Елге сыйлы, өзгелерге үлгі-өнеге көрсете білді. Өзге этнос өкілдері оны «Сергей Казбекович» деп ерекше құрметтейтін. Тіпті кейбір анықтамалық қағазы «Казбеков Сергей Казбекович» деп толтырылыпты. Әке-шешем 1937 жылы шаңырақ көтеріп, бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Анам 2003 жылы дүниеден өтті. Қызы Назым 2012 жылы Алматыда дүние салды. Қарашаңыраққа өзім ие болып қалдым, – дейді Алтай Есілбайұлы.

Самрат ҚҰСКЕНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *