Петропавлдың Былғары зауыты кентінде “Таза Қазақстан” республикалық акциясының аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шара барысында аумаққа 250 көшет отырғызылды. Акцияға қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белсенді жастар және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.

Былғары зауыты кенті былтырғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірі болған еді. Осыған байланысты аумақты абаттандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды: балаларға арналған ойын алаңы, футбол корты салынды, айнала ретке келтірілді. Енді бұл аумақ қайың мен қарағай көшеттерімен жасыл желекке бөленіп, одан әрі көркейе түсті.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтың айтуынша, қала аумағында көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. “Өткен демалыс күндері Ойқала шағын ауданында 700-ден астам көшет отырғызылды. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған”, – деп атап өтті ол.

Қаланы көгалдандыру шаралары қазан айының соңына дейін жалғасады. Жалпы, Петропавл аумағында 6 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Бұл бастама қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және экологиялық таза орта қалыптастыруға септігін тигізбек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *