Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл қарсаңында қылқанжапырақты ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу мақсатында орман күзеті күшейтілді. Желтоқсанның алғашқы күндерінен бастап облыстың барлық орман шаруашылықтары, соның ішінде “Қызылжар” орман шаруашылығы тәулік бойы күшейтілген режимге көшкен.

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын шырша мен қарағайға сұраныс артады. Ресейден әкелінетін ағаштар заңды түрде сатылғанымен, кейбіреулер табыс табудың оңай жолын іздеп, орманға қол сұғуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің жолын кесу үшін облыста 10 стационарлық бекет пен 90 мобильді топ құрылған. Орманшылар кезекшілікті күні-түні жалғастырып, әр екі сағат сайын аумақты аралап, күдікті көліктерді тексеріп отырады.
“Қызылжар” орман шаруашылығының инженері Маргарита Матюхинаның айтуынша, мекеменің жалпы аумағы 68 мың гектарды құрайды, онда 67 қызметкер жұмыс істейді. Техникамен толық қамтылған: қалың қарға арналған қар кешкіш көліктерден бастап, патрульдік машиналарға дейін бар. Соңғы 4 жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 миллион көшет отырғызылған, 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллионға жеткізу жоспарлануда.
Тәжірибелі орманшы Мұрсәлім Әлік 12 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Ол орман ішіндегі әрбір күдікті қозғалысты бақылауда ұстайтынын, көлік көрсе бірден тоқтатып, тексеретінін айтады.
Маңыздысы – соңғы 4 жылда СҚО аумағында заңсыз шырша кесу фактісі бірде-бір рет тіркелмеген. Айта кеткен жөн, Қылқанжапырақты рұқсатсыз кескен адамға 100 АЕК, яғни 393 000 теңге көлемінде айыппұл салынады.