Қазақстандық мектептер үшін 2025–2026 оқу жылы бірқатар маңызды
жаңалықтармен басталды. Биылғы оқу жылында Arman-PV баспасы
әзірлеген жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері алғаш рет
қолданысқа енгізілді. Сараптамадан өткен және министрлік бекіткен бұл оқу
құралдары қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті сұраныстарды қамтиды.

Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мен мұғалімдерге мынадай оқулықтар
жетті:
4-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық» (қазақ және орыс
тілінде), 7-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» және «Физика», 10-сыныпқа арналған «Кәсіпкерлік негіздері», сондай-ақ «Русский язык» бойынша әдістемелік кешендер.
Бұл оқулықтардың барлығы электронды нұсқада да ekitap.kz
платформасында қолжетімді. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет ArmanAI атты
жасанды интеллект көмекшісі іске қосылды. Ол оқушыларға күрделі
тақырыптарды қайталауға, түсінбеген жерлерін нақтылауға жәрдемдеседі.
Мұғалімдерге сабақ жоспарын толықтыруға, қосымша түсіндірмелер беруге
қолдау көрсетеді.
Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы ұстаздар мен оқушылардың
цифрлық сауаттылыққа бейімделуін және жасанды интеллектті меңгеруді
басты міндет ретінде айқындаған еді. Осы бағытта Arman-PV әзірлеген жаңа
оқу-әдістемелік кешендері мектептерге дер кезінде жетіп отыр.
Arman-PV баспасының цифрлық және электрондық контент бөлімінің бас
редакторы Айсұлу Бақытғалиева жаңа оқулықтардың ерекшелігін былай
түсіндірді:
«Бұл оқулықтың басты мақсаты – балаларға тек компьютерді қосып-өшіре
білуді ғана емес, ақпаратты өңдеуді, қарапайым алгоритм құруды,
мультимедиа жасауды және ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын меңгертуді
үйрету. Бұл дағдылар – болашақта табысты азамат болудың негізі»
20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Arman-PV –
Қазақстандағы жетекші баспалардың бірі. Компания мектепке дейінгі
тәрбиеге арналған кітаптардан бастап, мектеп оқулықтары мен әдістемелік
құралдар, сондай-ақ тарихи-танымдық еңбектер шығарып келеді.
Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – заманауи мазмұндағы оқулықтар мен
жасанды интеллект құралдарының мектеп тәжірибесіне енуі. Бұл бастама
қазақстандық оқушылардың жаңа технологияларды еркін меңгеруіне жол
ашып, ұстаздарға оқыту процесінде инновациялық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.