2025 жылғы 17 қыркүйек күні DJI компаниясы өзінің жаңа Mini 5 Pro дронын таныстырды. Бұл – салмағы 250 грамнан төмен, бір дюймдік CMOS-сенсормен жабдықталған алғашқы шағын дрон.

Жаңа құрылғының камерасы 4K форматында 60 кадр/секунд бейне түсіреді және 14 сатылы динамикалық диапазонды қолданады. Бұл мүмкіндік күндіз де, кешкі уақытта да бейнелерді сапалы түсіруге мүмкіндік береді. Ал баяу қозғалысты түсіру үшін 4K/120 fps режимі қарастырылған.
Камера үш осьті стабилизаторға орнатылған және 225 градусқа бұрыла алады. Сондай-ақ, Med-Tele 48 мм режимі арқылы суретті айқынырақ жақындатуға болады. Әлеуметтік желілерге арналған True Vertical Shooting функциясы бірден тік форматта түсіруге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікке ерекше назар аударылған: дрон алдыңғы бөлігінде LiDAR сенсорларымен және «балық көзі» линзаларымен, артқы жағында қосымша объективтермен, ал төменгі жағында бинокулярлы сенсорлар мен инфрақызыл модульмен жабдықталған. Бұл жүйе дронды кедергілерден қорғап, түнгі ұшуларда да сенімді етеді.
Батареясына байланысты ұшу уақыты өзгеріп отырады: стандартты аккумулятормен – 36 минутқа дейін, ал қуатты Intelligent Flight Battery Plus арқылы – 52 минутқа дейін. Максималды қашықтық шамамен 32 шақырым.

Mini 5 Pro Еуропада сатылымға шықты. Негізгі жиынтығы 809 еуроға бағаланған, ал қосымша аккумуляторлар мен аксессуарлары бар кеңейтілген нұсқасы 1019 еуро тұрады.
Айта кетейік, бұл дрон АҚШ-та ресми түрде сатылмайды. DJI мұны нарықтағы жағдайға байланысты стратегиясын қайта қарауымен түсіндірді. Дегенмен, компания америкалық нарықтан кетпейтінін мәлімдеді.